Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні

Құрметті әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Қоғамның тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқаты әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік кепілдіктердің деңгейіне байланысты. Ел егемендігін алған сәттен бері елімізде халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа жүйесі дамытылып, әлеуметтік тұрақтылық қалыптасты. Осы салада қарттар мен мүгедектерге, көп балалы және күнкөрісі төмен отбасыларға аянбай қызмет етіп жүрген қажырлы еңбектеріңізге зор құрмет пен шынайы ризашылық білдіреміз. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жауапкершілігі мол қиын да қастерлі еңбектеріңізге жеміс тілеймін!

Ұстаздар күні

Құрметті ұстаздар, білім саласы қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: “Мұғалімдер – қоғамның ең білімді, ең отаншыл, білгілеріңіз келсе, “ең сынампаз” бөлігі болып табылады” деп мұғалім мамандығына баға берген. Жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оларды адалдыққа, адамдыққа, парасаттылыққа, Отанды сүйе білу секілді асқақ сезімдерге тәрбиелеуде Сіздердің ұлағатты еңбектеріңізге әрдайым бас иеміз. Осынау мерейлі сәтте жүздеріңізден шуақ есіп, жанарларыңыздан мейірім нұры төгілген аяулы ұстаздар Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтап, шығармашылық табыс, баянды бақыт, мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілеймін.

1 қазан – Халықаралық қарттар күні

Құрметті ақсақалды қариялар, ақ жаулықты аналар!

Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын. Сіздердің асқан ерлік пен ерен еңбекке толы өнегелі жолдарыңыз Тәуелсіз еліміздің шежірелі тарихына алтын әріппен жазылған. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда да Сіздер өшпес із, асыл мұра қалдырған саялы бәйтерексіздер. Көңілге жылы шуақ сыйлар осынау қоңыр  күздің жаймашуақ күніндегі мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздерге мықты денсаулық, мұқалмас қайрат, ұзақ ғұмыр тілеймін. Мейірім шуағын шашқан жүздеріңізге көлеңке түспей, ұрпақтарыңыздың қызығына бөлене беріңіздер.

Әділет органдары қызметкерлерінің күні

Құрметті әділет органы қызметкерлері!

Сіздерді Елбасы Жарлығына сәйкес, 30 қыркүйектегі әділет органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Еліміздің әділет органдары саласында мемлекеттік қызметті, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуде тұғырлы биіктен көрініп келе жатқан абырой иелерінің қызметтері әрдайым жоғары бағаланады. Осынау мерейлі сәтте Сіздерге мол қуаныш, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Шаңырақтарыңыздан ырыс, береке-бірлік кетпесін!

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні

Құрметті мәдениет және өнер қызметкерлері!

Сіздерді қыркүйектің соңғы жексенбісіндегі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі. Ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттауда мәдениет қызметкерлерінің айшықты қолтаңбасы бар. Осы саладағы сүбелі үлестеріңіз еселене берсін. Қазақ мәдениетінің қазынасына қосылған шығармашылық еңбектеріңізге шалқар шабыт, мол қуаныш, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні

Құрметті мұнайшылар!

Сіздерді мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Сіздердің атқарып отырған қызметтеріңіз бен еселі еңбектеріңіз ел экономикасы мен мемлекетіміздің индустриалды тұрғыда дамуына мүмкіндік береді. Мұнай-газ өнеркәсібінің әлеуметтік салада, жалпы мемлекетіміздің алға жылжуы үшін тигізіп отырған ықпалы зор. Соның ішінде өңірімізде мұнай саласын дамытып, жер қойнауы байлығының ел игілігіне жұмсалуына үлес қосқан Сіздердің еңбектеріңізді әр уақытта жоғары бағалаймыз. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, игілікті істеріңізге толағай табыс пен мол қуаныш тілеймін.

Білім күні

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар және жерлестер!

Баршаңызды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. 1 қыркүйек – барша халықтың дәстүрлі мерекесі. Бұл мереке мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіннің, жас мұғалімдердің алғашқы әсері мен толғанысын айғақтайтын ұмытылмас сәттерімен есте қалатын, әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын күн. Бұл тек атаулы мереке ғана емес, еліміздің болашағы үшін жауапты кезең бастау алатын күн. Дәл осы күннен алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Сіздерге осынау мерекеде шығармашылық табыс, мықты денсаулық, жаңа бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.

Конституция күні

Құрметті зайсандықтар!

Сіздерді Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен құттықтаймын! Ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихында Қасым ханның “Қасқа жолымен” бастау алған бүгінгі Ата Заңымыз – Елбасы ұсынып, халық қолдаған, елімізді биік белеске шығарған, тарихи маңызы зор құжат. Ата Заңды ардақтау – келешекке керуен тартқан мемлекетіміздегі әрбір азаматтың асыл парызы. Осынау мерейлі мемлекеттік мереке күні әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын.

Спорт күні

Құрметті аудан спортшылары!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Елбасы “Қазақстан-2050” Стратегиясында атап көрсеткендей дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айырықша назарында. осы орайда “Спорт – денсаулық кепілі” деген сөздің өміршеңдігін нақтылы іспен дәлелдеп, айналасындағы адамдарға саламатты өмір салтын дәріптеп, спорт түрлерінің бұқаралығын арттыруда сүбелі үлестерімен игілікті істерге ұйтқы болған жерлестерімізді мақтан етеміз. Аудан намысын қорғап, додалы сайыстарда биік тұғырларды ағындырған спортшылардың өнегелі жолы жас ұрпаққа үлгі. Өңір спортшыларына шымыр денсаулық, мұқалмас жігер, шаңырақтарына әрқашан амандық, жақсылық тілеймін!

Шекарашылар күні

Құрметті Зайсан шекара жасағының ардагерлері, шекарашылар!

Сіздерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 21 жылдығы және кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Мемлекетіміздің қауіпіздігінсақтап, тыныштығын қамтамасыз етіп, шекара шебін қырағылықпен күзетудегі Сіздердің еңбектеріңздің нәтижесінде Тәуелсіз еліміздің көк байрағы биікте желбіреп, бейбіт өмірдің аспанында ынтымақ пен береке жарасым тапқан. Осындай жауапты міндетті арқалаған шекарашы қауымына әрдайым мықты денсаулық, арайлап атқан әрбір таңдарына қуаныш пен жақсылық мол болсын деп тілеймін!