8-наурыз Халықаралық әйелдер күні

Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты  аналар , аяулы қарындастар, арулар!

Сіздерді адамға қуаныш пен жылылық сыйлайтын шуақты көктемнің бастауы – аналар мерекесімен құттықтаймын.

Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алады. Ұлан-ғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткен. Олардың өшпес өнегесі мен дәстүрі елімізде өз жалғасын табуда. Ел мен ерге сын болған кезде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білді. Сіздер отбасы берекесін сақтаумен бірге, Тәуелсіздікті нығайту ісіне, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да еселі үлес қосып келесіздер.

Алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын
күлкісі  – біздің басты байлығымыз. Сондықтан ана мен бала тағдыры мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайды.

Арайлы көктемнің шуақты күнімен тұспа-тұс келген осынау жарқын мерекеде Сіздерге мықты денсаулық пен отбасының амандығын, толағай табыстар мен жетістіктер тілеймін.

Мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты да аяулы жандар!

7 қаңтар – Рождество мерекесі

Құрметті жерлестер!

Сіздерді Рождество мерекесімен құттықтаймын! Ұлттар арасында бейбітшілік пен келісім, бірлік пен татулық бар елдің тірлігі де берекелі болады. Біздің Қазақстан – көп ұлтты ел. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдегі дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезі қатарынан біздің елімізде өтуі еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттырады. Қазақстан бүгінде күллі діндердің басын қосып, ортақ мәмілеге шақыратын елге айналды. Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық» деп атап көрсеткендей, осы құндылықтарды әрбір қазақстандық аялай білуі қажет. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ырысы мен табысы молая берсін! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен қуаныш тілеймін!

Жаңа жыл

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды босағамыздан аттаған Жаңа 2013 жылмен құттықтаймын! Шымыр денсаулық, баянды бақыт, еңбектеріңізге табыс, шаңырақтарыңызға шаттық пен берекелі бірлік тілеймін. Арайлап атқан әр таңдарыңыз жақсылық пен қуанышқа бөлесін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын. Жаңа жыл құтты болсын!

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бір жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Осы мерзім ішінде егеменді еліміздің халықаралық ауқымдағы беделі өсті, Қазақстанның әрбір игі бастамасы жарыққа шыққан сайын әлем халықтарының еліміздің тарихы мен шежіресін білуге деген ынтасы артты. Бұл Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет басқарудағы сара саясатының нәтижесі. Ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін мемлекетімізде жасампаздықтың жарқын парағы шежірелі беттермен толықты. Ауданымыздың тынысы кеңейіп, тірлігі нығайды. Осындай игілікті істерде аудан жұртшылығының, зайсандықтардың айшықты қолтаңбасы бар екенін мақтаныш етемін.

Сіздерге мықты денсаулық, арайлап атқан әр таңдарыңызға қуаныш пен шаттық, шаңырақтарыңызға амандық тілеймін!

12 желтоқсан – Кеден органдары қызметкерлерінің күні

Құрметті «Майқапшағай» кеден бекетінің қызметкерлері!

Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 21 жылдық мерекесімен қатарлас келген «Майқапшағай» кеден бекетінің 20 жылдық мерейлі сәтімен құттықтаймын!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемелді басшылығы, сындарлы саясатымен елімізде кеден саласы жасампаз мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып, мемлекеттер арасындағы іскерлік байланыстар мен қарым-қатынастың негізгі дәнекері болып келеді. Осы орайда Шығыстағы шекараның қақпасы атанған «Майқапшағай» кеден бекеті талай белестің биігінен көрінуде. Кеден ісіндегі жауапты міндетті абыройлы атқарып, еліміздің қазына қоржынын толтыруда Сіздердің үлестеріңіз қомақты.

Барлықтарыңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға амандық, арайлап атқан әр таңдарыңызға қуаныш, жауапкершілігі мен қиындығы мол қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін!

06 желтоқсан – Прокуратура күні

Құрметті аудандық прокуратура қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – прокуратура қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, арайлап атқан әр күндеріңізге қуаныш пен бақыт, шаңырақтарыңызға шаттық, Тәуелсіз еліміздің прокуратура саласындағы жауапты қызметтеріңізге жеміс, әрқашан биік тұғыр тілеймін!

1-желтоқсан ҚР Тұңғыш Президент күні

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтаймын. Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырында жасампаздықтың жарқын үлгісі әйгілене берсін!

26 қазан – Құрбан айт

Құрметті аудан тұрғындары!

Қасиетті жұмаға сәйкес келген барша мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айт мүбәрак болсын!

Исламда екі үлкен мереке бар. Бірі – Ораза, екіншісі – Құрбан айт.

Құрбан айттың басты міндеттерінің бірі – құрбан шалу болса, бұл істегі тілектеріңізді Алла Тағала қабыл етсін.

Сіздерге мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға амандық, арайлап атқан әр таңдарыңызға қуаныш пен жақсылық, ырыс пен ынтымақ, молшылық, береке тілеймін.

Ұлық мереке – Құрбан айт құтты болсын!

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары шекарашылармен кездесті

17-19 қазан күндері ауданға Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Қабиболла  Жақыпов бастаған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Орал Мұхамеджанов, Абай Тасбұлатов, Юрий Евгеньевич Тимошенко, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Бас штабының бастығы, полковник Абай Брекешов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасарлары  Ермек Көшербаев, Жомарт Мұратов іссапарымен келді. 2017 әскери бөлімінде болып, шекарашылардың тыныс-тіршілігімен танысты, осында қызмет атқаратын әскери қызметкерлермен, азаматтық міндеттерін орындауда жүрген жауынгерлермен кездесті.Әскери бөлімнің командирі Е.Кайыппаев шекара өмірі туралы жан-жақты мәліметтермен таныстырды. Сол секілді Терісайрық, Ақжон, Алқабек шекара заставаларында және «Майқапшағай» шекара бекетінде болды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Зайсан ауданында

13 қазан күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлы ауданда іссапарымен болды. Облыс басшысы алдымен Зайсан қаласында жаңадан пайдалануға берілген «Бейбітшілік» аллеясында жұртшылық қауыммен жүздесті, аллеяның ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Бұдан кейін облыс әкімі жаңадан салынып жатқан R1, R2 каналдарының құрылысымен танысты. Түске дейін облыс әкімі Қарабұлақ ауылындағы Абай атындағы орта мектепте болып, оның іші-сыртын,  жылыжайды көрді. Одан кейін ауылдық мәдениет үйінде болды. Облыс басшысының түстен кейінгі іссапары Дайыр ауылында жалғасты. Күрделі жөндеуден өткізіліп, ауылдық мәдениет үйіне берілген ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан Бердібек Мәшбекұлы өз сөзінде тірек ауылы Дайырда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Одан кейін облыс әкімі Б. Сапарбаев  Сарытерек ауылында болып, күрделі жөндеуден өткізілген «Балауса» бала-бақшасының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі, өзінің әкелген сыйлығын тарту етті. Сол күні облыс әкімі Қарашоқыдағы «Бәйтерек» спорттық-сауықтыру орталығында болып, онда ақсақалдармен, ақ жаулықты аналармен кездесті. Аймақ басшысы спорттық сауықтыру орталығында ұйымдастырылған спортық жарыстарға қатысқан оқушылармен де жүздесті.